
Ернұр Токушев «Jas Kenes Siyliği» байқауына қатысу тәжірибесімен бөлісті
2025 жылғы 2 шілдеде «Өскемен ЖЭО» ЖШС-нің қазандық жабдықтары бойынша аға машинисі Ернұр Токушев «Jas Kenes Sıylığı» сыйлығына арналған баспасөз конференциясына қатысты. Ернұр – 2024 жылғы байқаудың «Өнеркәсіп» номинациясы бойынша жеңімпазы.
2024 жылы республиканың 750-ге жуық қатысушы бақ сынап, 7 номинация бойынша 14 жеңімпаз (әр номинацияда 2 жеңімпаздан) анықталды. Жалпы жүлде қоры - 14 миллион теңге. Ал 2025 жылы байқау 10 номинацияны қамтиды. Өтінімдерді қабылдау 20 шілдеге дейін жалғасады.
Баспасөз конференциясы барысында Ернұр байқауға қатысу барысымен бөлісіп, өзінің кәсіптік жолы туралы әңгімеледі. Ол Өскемен ЖЭО-дағы еңбек жолын 2013 жылы багерлік сорғы станциясының машинисі қызметінен бастаған. Ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында қазандық цехы басшысының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Дегенмен, жас мамандарды даярлау ісін жалғастыру мақсатында Ернұр өз еркімен төменгі лауазымға ауысуды сұрап, өндірістегі тәлімгерлік қызметін жалғастырды.
Ол байқауға қатысу үш кезеңнен тұрғанын атап өтті: құжат тапсыру, эссе жазу және комиссиямен сұхбаттасу. Іріктеуден өткеннен кейін оған Астана қаласында өтетін марапаттау рәсіміне шақыру келген. Ернұр сол жерде тағы 13 номинантпен танысып, олардың барлығы да лайықты үміткерлер екенін айтты. «Байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды, нәтижелері әділ болды. Баршаңызды бұл байқауға қатысуға шақырамын!» - деді ол.
Сондай-ақ, 2025 жылғы 24 маусымда Ернұр Токушев «Атамекен» ҰКП ұйымдастырған өңірлік байқауда «Ең үздік тәлімгер» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл - кәсіби шеберлікті шыңдау мен оны жас буын мамандарға үйретудің әрдайым бағаланатынының жарқын дәлелі!