Жаңа жылға жаңа техникамен
Өскемен ЖЭО-да Shantui 46 маркалы жаңа бульдозер пайдалануға берілді. Аталған техника қуатты қозғалтқышпен, күшейтілген жүріс бөлігімен және үлкен көлемдегі көмірмен жұмыс істеуге арналған арнайы қайырмамен жабдықталған. Бульдозер жыл бойы пайдалануға бейімделген және төмен температура жағдайында тұрақты жұмыс істеуге қабілетті.
Жаңа техника көмір қоймасында көмірді жылжыту және біркелкі бөлу жұмыстарында қолданылатын болады. Бұл аталған үлгідегі екінші бульдозер әрі кәсіпорында бар алты бульдозердің ішіндегі ең қуаттысы.
Ауыр автотракторлық техниканың сенімді паркін қалыптастыру станциядағы өндірістік үдерістердің жеделдігін арттырып, қажетті қуат резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өскемен ЖЭО жылыту маусымындағы жоғары жүктеме жағдайында тұрақты жұмыс істеу үшін өндірістік техниканы кезең-кезеңімен жаңартуды жалғастыруда.