Өскемен ЖЭО-дағы пресс тур: энергетика саласының мамандары қалай қалыптасады
10 қыркүйек күні Өскемен ЖЭО Корпоративтік оқыту орталығына облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының және Өскемен жоғары политехникалық колледжінің өкілдері келді. Іс-шара «Цифрлық инженерлердің шығыс хабы» атауымен ұйымдастырылып, жас мамандарды даярлаудың жаңа деңгейін таныстыруды мақсат етті.
Өскемен ЖЭО колледжбен көп жылдан бері серіктестік орнатып, жас инженерлерді тәжірибелік тұрғыдан даярлау орталығы болып келеді.
Станция студенттерге өндірістік база, тәжірибелі тәлімгерлер, тағылымдамадан өту және инженерлік жобаларды жүзеге асыру алаңын ұсынады. Осындай тәжірибе олардың кәсіби тұрғыда шыңдалып, болашақта жоғары білікті мамандарға айналуына мүмкіндік береді.
Пресс-тур барысында Корпоративтік оқыту орталығының жетекшісі Наталья Слободчикова орталықтың жұмыс бағыттары, оқу бағдарламалары мен серіктестік жобалары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар станцияның кезекші инженері Ержан Каримов журналистерді жылуэнергетикалық полигонның заманауи жабдықтарымен таныстырды.