Жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Өскемен жылу электр орталығында (ЖЭО) 2025–2027 жылдарға есептелген екінші–төртінші кезектегі бас корпусты реконструкциялау жұмыстары жалғасуда.
Жұмыстар аясында қазандық цехының шатыры жаңартылуда. Мамандар ескі темірбетон плиталарын бөлшектеп алып, жылу оқшаулау және гидрооқшаулау қабаттары бар жаңа шатыр жабынын төсеуде. Сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, кірпіш қалауының жекелеген учаскелерін сэндвич-панельдерге ауыстыру, терезе ойықтары мен парапеттерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Барлық жұмыстар ғимаратты атмосфералық жауын-шашыннан қорғауға, конструкциялардың сенімділігін арттыруға және өндірістік корпустың жай-күйін жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, №2 110 кВ ашық тарату құрылғысын (АТҚ) реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2026–2029 жылдары іске асырылады.
Жобада күштік ажыратқыштарды, айырғыштарды, шиналауды, сондай-ақ релелік қорғау және автоматика құрылғыларын ауыстыру көзделген. Бұдан бөлек, жаңа желілік және шиналық порталдар орнату арқылы №2 АТҚ кеңейтілетін болады. Станцияға реконструкциялаудың бірінші және екінші кезеңдеріне арналған Великие Луки қаласындағы (Ресей Федерациясы) «ЗЭТО» ЖАҚ өндірген жабдықтар жеткізілді.
Еске сала кетейік, өткен жылы АТҚ-1 реконструкциялау жұмыстары аяқталған болатын. Алайда бұл учаскедегі жабдықтарды жаңарту мұнымен тоқтап қалған жоқ. Жақында ғана жаңғыртылған АТҚ-1 аумағында екі жаңа трансформатор орнатылды. Электртехникалық инфрақұрылым мен өндірістік ғимараттарды жаңарту — Өскемен ЖЭО-ны жаңғырту және станцияның сенімді жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі жоспарлы жұмыстардың бір бөлігі.