Өскемен жылу электр орталығында 140 млрд теңгеге жаңа энергоблок салынады
Skip to main content
+7 (7232) 29-03-59
uktets@uktets.kz
Месторасположение: РК, г. Усть-Каменогорск, ул. Промышленная, 2
Пресс-служба: +7 (7232) 290-215
Email: pr.uktets@uktets.kz
images/news/2026/13.08.26/13.08.26.jpg

Өскемен жылу электр орталығында 140 млрд теңгеге жаңа энергоблок салынады

| Жаңалықтар

Станцияны кеңейту жобасы 2030 жылға қарай жылу қуатын 130 Гкал/сағ, ал электр қуатын 100 МВт-қа арттырып, өңірдің өсіп келе жатқан энергияға деген сұранысын тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

12 тамыз, Өскемен. Өскемен жылу электр орталығында құны 140 млрд теңгені құрайтын жаңа энергоблоктың құрылысы басталды. Жобаның басталуына орай өткен салтанатты рәсім барысында нысан аумағына уақыт капсуласы салынды. Салтанатты шараға ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов, мемлекеттік органдар өкілдері, компания басшылары және жоба серіктестері қатысты.

Өсіп келе жатқан өңірді энергиямен қамтамасыз ету

Өскемен ЖЭО қаланың орталықтандырылған жылумен қамту жүйесіндегі қажеттіліктің 85%-ын қамтамасыз етіп отыр. Қала аумағы кеңейіп, жаңа тұрғын аудандар мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Сонымен қатар өнеркәсіптік өндіріс те қарқынды дамып келеді. Мұның барлығы жылу мен электр энергиясына деген сұраныстың артуына әкелуде. Жылумен жабдықтаушы ұйымның мәліметінше, қазір қалада жылу қуатының тапшылығы 287,8 Гкал/сағ құрайды. Жаңа энергоблоктың іске қосылуы бұл тапшылықты азайтып, алдағы жылдары тұрғын үй құрылысын, әлеуметтік инфрақұрылымды және өнеркәсіпті дамытуға қажетті қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жоба аясында сағатына 400 тонна бу өндіретін №16 қазандық агрегаты мен электр қуаты 100 МВт болатын №13 турбина орнатылады. Бастаманы іске асыруға жол ашқан маңызды қадамдардың бірі – ҚР Энергетика министрлігі мен Өскемен ЖЭО арасында инвестициялық келісімнің жасалуы. Оның арқасында жоба ұлттық маңызы бар жоба мәртебесіне ие болды.

«Жаңа энергоблок қала тұрғындарын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Өскеменнің одан әрі дамуына қажетті энергетикалық резерв қалыптасады. Жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, мамандар заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге мүмкіндік алады және өз біліктілігін тұрақты түрде арттырады. Энергетика саласына жаңа қуат көздерімен қатар, сол қуаттарды тиімді басқаратын білікті мамандар да қажет», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Заманауи технологиялар мен экологиялық шешімдер

Жаңа энергоблокты салу кезінде заманауи технологиялар мен жоғары тиімді жабдықтар қолданылады. Жобада Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай технологиялық шешімдер қарастырылған. Бұл энергия өндіру тиімділігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаның өңірдің энергетикалық тұрақтылығы үшін маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысы, Президентіміз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, оның сенімділігі мен тиімділігін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Бүгінгі жоба осы міндеттерді лайықты іске асырудың көрінісі. 2030 жылға қарай станцияның жылу қуаты 130 Гкал/сағ, ал электр қуаты 100 МВт-қа артады. Бұл жылу тапшылығын азайтып, жаңа тұрғын аудандардың, өнеркәсіп пен әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына қажетті энергия ресурстарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі.

Мемлекет, бизнес және халықаралық серіктестік

Жобаны «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының құрамына кіретін Өскемен ЖЭО жүзеге асырмақ. Бастаманы қаржыландыруға халықаралық және қаржы институттары тартылған. Негізгі серіктестер қатарында Еуразиялық даму банкі мен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ бар. «Жоба іске қосылғаннан кейін шамамен 300 тұрғын үй мен әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы өңірдің одан әрі дамуына, оның инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ең бастысы, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов.

«Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобы генерациялау қуаттарын және электр желілері инфрақұрылымын жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа жобаларды жүзеге асыруға тұрақты түрде инвестиция салып келеді. Бұл жұмыс өңірлердің энергиямен тұрақты қамтамасыз етілуіне және олардың ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз қалыптастырады.

Қосымша:

«Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобы - электр және жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу нарықтарында жұмыс істейтін тігінен интеграцияланған холдинг. Компания 2008 жылы құрылған. Бүгінде компания Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жұмыс істейді.

«Өскемен жылу электр орталығы» ЖШС - Шығыс Қазақстан облысындағы жылу және электр энергиясын өндіретін ең ірі кәсіпорындардың бірі. 2017 жылдан бері «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының құрамына кіреді. Кәсіпорынның белгіленген жылу қуаты – 859,9 Гкал/сағ, электр қуаты – 372,5 МВт. ЖЭО-да бу өндіру өнімділігі сағатына 75-тен 500 тоннаға дейінгі 9 қазандық агрегаты және қуаты 4-тен 120 МВт-қа дейінгі 8 турбоагрегат орнатылған.

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) - Еуразия кеңістігінде инвестициялық қызметті жүзеге асыратын көпжақты даму банкі. Еуразиялық даму банкі 20 жылдан бері қатысушы мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және кеңейтуге, сондай-ақ олардың жан-жақты дамуына ықпал етіп келеді. 2025 жылдың желтоқсан айының соңындағы жағдай бойынша Банктің жинақталған инвестициялық портфелінде жалпы құны 19,6 млрд АҚШ долларын құрайтын 326 жоба бар. Өз қызметінде Банк БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын және ESG қағидаттарын басшылыққа алады.

«Halyk Bank» АҚ - Қазақстандағы активтерінің жиынтық көлемі 20 трлн теңгеден асатын ең ірі банк. Банк Қазақстан экономикасының нақты секторын кредиттеудің 50%-дан астамын қамтамасыз етеді. Halyk Bank шетелдік капиталы жоқ коммерциялық банктер арасында ең жоғары кредиттік рейтингтерге ие. Банктің инвестициялық деңгейдегі рейтингтері: Moody’s – Baa1, Fitch – BBB-, S&P – BBB-.

БАҚ үшін байланыс: «Қазақстан коммуналдық жүйелері»: Айгерім Смаилова, +77017771932, a.smailova@kus.kz

«Өскемен ЖЭО»: Карина Билялова, +7 702 8891464, e-mail: pr.uktets@uktets.kz



Мекенжайы: ҚР, Өскемен қ. Промышленная к-сі, 2 (карта)
Қабылдау бөлмесі: +7 (7232) 290-359, вн. 7359 / Кеңсе: +7 (7232) 290-389, вн.7389
Email: uktets@uktets.kz

© 1947-2026 «Өскемен» ЖЭО Барлық құқықтары қорғалған. | Сайтты техникалық қолдау arctika.kz