
ҚР премьер-министрінің кеңесшісі Өскемен жылу электр орталығына барды
Делегацияға 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар кешені таныстырылды.
«Өскемен ЖЭО» ЖШС Бас директоры Данияр Нугуманов: «Биылғы жөндеу науқаны кәсіпорын жабдықтарының 100%-ын қамтып отыр. Жұмыстар кәсіпорын мамандарының күшімен, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің мердігер ұйымдарының қатысуымен қарқынды түрде жүргізілуде. Барлық мәселелер жедел шешілуде. Бұл - кәсіпорынның жоғары технологиялық және жедел дайындық деңгейінің, сондай-ақ қаланың басты электр орталығы ретінде сенімділікті арттыруға деген ұмтылысының айқын дәлелі», - деп атап өтті.
Станцияда сенімді отын резерві қалыптастырылуда. 2025 жылғы 16 маусымдағы мәлімет бойынша, қоймада 227 090 тонна көмір жиналған, бұл - 46 тәулікке жететін көлем (норматив - 20 тәулік). Жағуға арналған мазут қоры да жеткілікті: 1 774 тонна (норматив - 10 тәулік, нақты қор - 33 тәулік).
Сапар барысында жабдықтардың тозу деңгейін төмендету, жылумен жабдықтау сенімділігін арттыру, жөндеу науқанының кестелерін сақтау, тарифтер, еңбек жағдайлары мәселелері ерекше назарда болды. Кездесу соңында Ермек Маржикпаев станцияның жылыту маусымына жоғары деңгейде дайын болатынына сенім білдірді.