Кадр ресурстарын дамыту: «Өскемен ЖЭО» ЖШС тәжірибесі
«Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық директоры Нұрлан Ахметжанов ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар Орталығының бастамасымен ғылым және білім беру бағыты бойынша «ЖЭК технологияларын іске асырудағы кадрлық мәселелер» конференциясына қатысты.
Кездесу форматы-онлайн конференция.
ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Еділ Терекбайұлы Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнар Тұрысбекқызы Сүлейменова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім Комитетінің төрағасы Гүлзат Исбасарқызы Көбенова, Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Мұрат Қанатұлы Сыздықов, Сабиева Сәуле Сағдатқызы-ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат департаментінің директоры құттықтау сөзбен конференцияны бастады.
Энергетика саласы үшін кадрлар даярлаудың өзекті мәселелеріне арналған конференцияда жылдам технологиялық прогресс жағдайында саланың тиімді жұмыс істеуіне әсер ететін негізгі аспектілер талқыланды. Энергетика – бұл іргелі білімі мен дағдылары бар жоғары білікті мамандарды қажет ететін стратегиялық маңызды сала. Конференцияға қатысушылар оқу бағдарламаларын үнемі жаңартып отыру, жаңа технологиялар мен талаптарға бейімделу, сондай-ақ білім беру мекемелері мен энергетика саласының кәсіпорындары арасындағы әріптестік қатынастарды дамыту қажеттігіне назар аударды. Энергетика саласында білікті мамандарды даярлау саланың және тұтастай экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ықпал ететін стратегиялық басымдық болып табылады.
- Біздің кәсіпорын «Жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары» білім беру бағдарламасы бойынша Жоғары политехникалық колледжбен тығыз жұмыс істейді. 2021 жылы дуальды оқыту бағдарламасы аясында колледждің 15 студенті оқуын сәтті аяқтады, олардың кейбіреулері станцияда табысты жұмыс істейді, қалғандары ЖОО-да оқуын жалғастырды. 2022 жылы дуальды оқыту бағдарламасы бойынша 32 адамнан тұратын «Жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары» мамандығының 2 топ студенттері практикадан өтті. 2023 жылы осы мамандық бойынша дуальды оқыту аясында 27 студент тәжірибеден өтсе, қазіргі уақытта тәжірибеден 5 студент өтуде, - деді «Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық директоры Нұрлан Ахметжанов өз баяндамасында.
Сондай-ақ, оқытудың практикалық құрамдас бөлігінің, соның ішінде тағылымдамадан өтудің және саланың жетекші компанияларымен серіктестіктің маңыздылығы атап өтілді. Жалпы, конференция қазіргі әлемнің сын-қатерлерін ойдағыдай шешу және уақыт талабына сәйкес саланы дамытуды жалғастыру үшін энергетика секторындағы біліктілікті үнемі жаңартып отыру және персоналды қолдау қажеттілігін анықтады.