
Жарықпен қамтамасыз ету - еңбек пен табандылықтың жемісі
Мен үшін еңбек - тек күнделікті жұмысты орындау ғана емес, ол – өзіңді үнемі шыңдау, жауапкершілікті сезіну және өзгелерге үлгі болу. Осы өмірлік ұстанымым мені еңбек жолында табандылықпен алға жетелеп келеді. Еңбек жолымды қарапайым жұмысшыдан бастап, инженерлік лауазымға дейін көтерілгенім – маңдай тер мен үздіксіз ізденістің нәтижесі.
Мен, Тоқтарбек Азат Кәрімұлы, Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Құйған ауылында дүниеге келіп, бала кезден-ақ білім мен еңбектің маңызын түсініп өстім. Мектеп қабырғасынан бастап ғылым мен техниканы игеруге қызығушылық танытып, дарынды балаларға арналған мектеп-лицейде оқыдым. Бұл менің инженерлік жолға қадам басуыма негіз болды.
Жоғары білімімді ШҚМТУ-да алып, «Машина жасау» мамандығы бойынша магистратураны да тәмамдадым. Оқу барысында алған білімімді өндірістік ортада тәжірибемен ұштастыра отырып, қарапайым моторшыдан инженер лауазымына дейін өстім. Еңбектегі табандылығымның арқасында қосымша бірнеше мамандықты меңгеріп, өз ісіме деген жауапкершілікпен көзге түстім.
Өндірісте жұмыс істей жүріп, тек техникалық тапсырмаларды орындаумен шектелмей, үнемі жаңашылдыққа ұмтылдым. Әр кезең - мен үшін жаңа тәжірибе, жаңа белес. Әсіресе ауысым басшысы қызметінде адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату, ұжыммен бірлесе жұмыс жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында маңызды тәжірибе жинадым.
Бүгінде инженер ретінде еңбек ете жүріп, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсетіп келемін. Менің басты мақсатым - еліміздің энергетика саласына үлес қосу, өндірістік тиімділікті арттыру және техникалық жаңашылдықтарды енгізу арқылы отанымыздың дамуына септігімді тигізу.
«Жас Кеңес» сыйлығы - мен үшін жай ғана марапат емес, бұл - өткен жолымды саралап, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін жаңа серпін. Бұл сыйлық мен секілді қарапайым ауыл баласының да үлкен жетістіктерге жететінін дәлелдейді деп сенемін.
Тоқтарбек Азат Кәрімұлы