
Өндірісті автоматтандыру - жас маманның тандауы
Сейтжапаров Дархан Қанатұлы, 9-сыныпты аяқтағаннан кейін Өскемен политехникалық колледжіне (қазіргі атауы – Өскемен жоғары политехникалық колледжі) «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа түстім. Бұл мамандық маған өте қызықты әрі түсінікті болды. Сол себепті дипломдық жобамды үздік қорғап, 2020 жылы колледжді үздік дипломмен аяқтадым.
Колледжді тәмамдаған соң Отан алдындағы азаматтық борышымды өтедім. Әскерден оралған соң, 2021 жылы Өскемен жылу электр станциясының Жылулық автоматика және өлшеу құралдары цехына, «Автоматика және өлшеу құралдарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электрслесарь» мамандығы бойынша жұмысқа тұрдым.
Сонымен қатар, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне қашықтықтан оқуға түсіп, мамандығымды жетілдірдім. Жоғары оқу орнын 2024 жылы үздік дипломмен аяқтадым.
Біздің цех өндірістік нысандардағы жылу процестерін автоматтандырумен, оларды бақылау-өлшеу құралдарымен жабдықтаумен, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарымен айналысады. Қазіргі уақытта мен турбина және қазандық агрегаттарын автоматтандыру бойынша көптеген күрделі жұмыстарға белсенді қатысып, кәсіби біліктілігімді күннен күнге арттырып келемін.
Өскемен ЖЭО-дағы бастамашыл топ пен ШҚО «Жастар рухы» жастар қанатының белсенді мүшесімін. 2024 жылы 7–10 маусымда республикалық саяси лагерге жас маман ретінде шақырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас мамандармен тәжірибе алмастым. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың жастарға арналған лебізін тыңдап, «Жұмысшы жастар аманаты» жобасы туралы ақпарат алдым.
Спорттық шараларға да белсенді қатысамын. Волейбол құрамасының ойыншысы ретінде жарыстарда жүлделі орындар алдым. Соңғы төрт жылда өндірістік автоматтандыру саласында жұмыс істеп, күрделі техникалық жүйелерді жөндеу мен баптау бойынша жұмыстарға белсене қатысам. Мен өз кәсібімде тек еңбек етіп қана қоймай, оны дамытуға, жаңашылдық енгізуге және жас мамандарға тәлім беруге бар күшімді саламын.