Шығыс Қазақстанда энергетика саласының өкілдері марапатталды
Шығыс Қазақстан облысында Энергетиктер күніне орай салтанатты жиын өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Аймақ басшысы сала мамандары мен ардагерлерін, оның ішінде Өскемен ЖЭО қызметкерлерін құттықтады:
- Нұрбек Төлепбекұлы Жұмажанов - электр цехының бастығы;
- Владимир Александрович Волженин - орталықтандырылған жөндеу цехы бастығының орынбасары;
- Баканов Владимир Геннадьевич - электр цехының аға электрмонтері.
“Энергетика саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл саланың барлық уақытта мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде және қоғамның әл-ауқатын арттыруда стратегиялық маңызы бар. Күн сайын, жыл мезгіліне және ауа райы жағдайларына қарамастан, сіздер жоғары жауапкершілікпен кәсіби міндеттеріңізді атқарып, халықты энергиямен қамтамасыз етіп келесіздер”,- деді облыс әкімі.
Шығыс Қазақстанда 2031 жылға дейін жалпы қуаты 670,6 МВт болатын жаңа энергетикалық нысандарды іске қосу көзделген. Оның ішінде 148,6 МВт жаңартылатын энергия көздері есебінен қамтамасыз етілмек. Өңірде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту мақсатында бірқатар жоба қолға алынған. Жалпы қуаты 1 322 Гкал/сағатты құрайтын жылу көздерін салу және жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.