Өскемен ЖЭО станцияны кеңейту жобасының барысы туралы хабарлайды
2026 жылғы 28 сәуірде станцияда №13 жаңа турбоагрегат пен №16 қазандық агрегатын салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Жоба ҚР Энергетика министрлігімен жасалған инвестициялық келісім аясында жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда қаланың қажеттілігі станцияның мүмкіндіктерінен асып түседі. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұтынушылардың қосылған жылу жүктемесі сағатына 1114,9 Гкал құрайды, бұл станцияның қолданыстағы жылу қуатынан сағатына 339,1 Гкал-ға артық.
Жаңа жабдық станцияның жылу қуатын жылына 250 мың Гкал-ға, ал электр энергиясын өндіруді жылына 150 млн кВт*сағ-тан астамға арттырады.
Жобаны іске асыру үшін банктермен несиелік келісімдерге қол қойылды. Жобалау жұмыстары аяқталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жабдықтар мен электр беру желісінің (ЭБЖ) тірегі үшін жер учаскелері сатып алынды, қуат беру схемасы жоспарлануда. Экологиялық бағыт бойынша ҚОӘБ (қоршаған ортаға әсерді бағалау) әзірленіп, материалдар қоғамдық талқылауға шығарылды.
Құрылыс кезеңінде 500-ге жуық жұмыс орны, ал пайдалануға берілгеннен кейін тағы 50-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба жылу қуатының тапшылығын азайтуға, жабдықтардың тозуы мен отын шығынын төмендетуге, сондай-ақ қаланы жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.