Өскемен ЖЭО қызметкері «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды
24 қазанда орталық мәдениет үйінде түрлі сала қызметкерлерін еңбек жетістіктері мен кәсібіне адалдығы үшін марапаттау рәсімі өтті.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қазандық цехының аға машинисі Руслан Ежикеновке «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасын табыс етті. Руслан Серікұлы Өскемен ЖЭО-да 29 жыл бойы еңбек етіп келеді.
Ол Өскемен қаласында дүниеге келген, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін «Жылу энергетикасы» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1996 жылы ЖЭО-ға қазандық жабдықтарының машинисі болып жұмысқа қабылданып, кәсіби өсу баспалдақтарының барлық сатыларынан өтті. Қазіргі таңда ол қазандық жабдықтарының VII топтағы аға машинисі болып қызмет атқарады.
Руслан Серікұлы – өз ісіне адал, жауапты әрі білімді маман. Ол қазандықтардың жұмыс технологиясын терең меңгерген және күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай біледі. Жас мамандарға әрдайым ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп отыратын білікті тәлімгер.
Жылдар бойындағы еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін әріптестерінің құрметіне және басшылықтың жоғары бағасына ие болды. Руслан Серікұлын еңбек сіңірген наградасымен шын жүректен құттықтаймыз! Мықты денсаулық, отбасылық амандық, барлық бастамаларыңызға табыс және сәттілік тілейміз!