Өскемен ЖЭО: жаңғырту мен дамуға бағытталған курс
2021 жылы 19 қазанда «Өскемен ЖЭО» ЖШС-нде пресс-тур өтті. Кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласындағы жылу энергиясын өндіруші ірі кәсіпорын болып табылады.
Пресс-турды Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті және «Өскемен ЖЭО» ЖШС бірлесіп ұйымдастырды және өткізді.
Бас директор Бексолтан Айдын Ордабекұлы жиналғандарды 2020 және 2021 жылдардағы жөндеу науқаны туралы хабардар етті. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Арман Мәлік, БАҚ өкілдері кәсіпорынның қызметімен танысты, өндірістік цехтарда, негізгі диспетчерлік пунктте болды, сұрақтар қойды, сонымен қатар, 2016 жылы енгізілген 120 МВт жаңа №12 турбиналық қондырғыға назар аударды. Жаңа қондырғының іске қосылуы станцияның орнатылған электр қуатын үштен бір бөлікке арттыруға мүмкіндік берді.
№12 турбиналық қондырғының құрылысына 11,5 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды. Құрылыс кезеңінде 250-ден астам жұмыс орны ашылды. Жаңа турбина қондырғысы айналмалы сумен жабдықтау жүйесіне (градирняға) қосылған, ол қоршаған ортаға ағынды суларды жіберуді болдырмайды.
№12 турбина құрылысының жобасы станцияны кең ауқымды жаңғыртудың маңызды кезеңі болып табылады. Бұған дейін Өскемен ЖЭО атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын азайту үшін қолда бар ең жақсы технологияларды қолдану бойынша жобаларды іске асыруды аяқтады.
2019 жылы азот оксиді шығарындыларын азайту мақсатында №15 қазандықты жаңғырту бойынша маңызды жоба жүзеге асырылды. №15 қазандықта енгізілген технология көмірдің жану процесін басқаруға бағытталған және қазандықтың әр деңгейіне ауа кіретін отынның кезеңді жануын қамтиды. Бұл Орал жылу инженерлік зертханасы зерттеулерінің негізінде Өскемен ЖЭО қазандығы үшін арнайы әзірленген эксклюзивті технология. Жобаны іске асыру нәтижесінде азот оксидтерінің концентрациясы шамамен 20%-ға төмендеді. 2020 және 2021 жылдары көмір күлінің шығарындыларын азайту мақсатында №11 және №12 қазандықтардың эмульгаторларының айналдырғыштары ауыстырылды. 2025 жылға дейін айналдырғыштарды ауыстыру басқа қазандықтарда жалғасады.
Қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асыру нәтижесінде күкірт диоксиді шығарындылары 17,1%-ға төмендеді, жоғары концентрациядағы шаңды беру технологиясын енгізудің арқасында азот оксидтерінің меншікті шығарындылары 36,2%-ға, көміртегі тотығы шығарындылары 91,6%-ға төмендеді.
2020 жылы инвестиция көлемі 1 740 миллион теңгені құрады, оның ішінде жылу энергиясын өндіру есебінен - 774 миллион теңге:
- Бірінші кезеңдегі су экономайзері технологиялық процестерді автоматты басқару жүйесін қайта құрумен №13 мембраналық қазандық қондырғысына ауыстырылды;
- №15 қазандық қондырғысына кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізілді;
- №12 қазандық қондырғысының күл шығарындыларынан тазартуға арналған эмульгаторлардың айналдырғыштарын ауыстыру бойынша экологиялық шара аяқталды.
- Қазандықтың сенімділігін жоғарылату және тиімділігін жоғарылату үшін оттықтарды ауыстырумен №14 қазандық қондырғы күрделі жөндеуден өткізілді. Ескі оттықтарды жаңасына ауыстыру қазандықтағы жану процесін жақсартады. Барлығы жалпы салмағы 14,6 тонна болатын 8 оттық бөлшектелді. Жаңа оттықтар кемінде 15 жыл жұмыс істейді.
Сондай-ақ, 2020 жылы бір мезгілде 17м3 көмірді тасымалдауға қабілетті отынмен қамтамасыз ету жұмыстары үшін бульдозер сатып алынды.
«Өскемен ЖЭО» ЖШС-нің 2021 жылға бекітілген Инвестициялық бағдарламасында 1060 миллион теңге сомасындағы келесі жобаларды іске асыру қарастырылған:
- Жаңа күл үйіндісін салу;
- 140 ата бас бу құбырын ауыстыру;
- Турбиналық қондырғының діріл күйін сапалы бақылау, талдау және диагностикалау үшін, генераторды жөндеумен және дірілді бақылаудың заманауи жүйесін орнатумен, №11 турбиналық қондырғыны күрделі жөндеу;
- 5-7 кезектегі жоғары қысымды қоректендіру құбырларын ауыстыру;
- Экрандарының су түсіретін, бу өткізгіш құбырлары мен бу шығару құбырларын ауыстырумен №14 қазандық қондырғысын күрделі жөндеу;
- №11 қазандық қондырғысының эмульгаторларының айналдырғыштарын ауыстыру;
- Бу айналма құбырларын ауыстырумен №12 қазандық қондырғысын күрделі жөндеуден өткізу.
Жоғарыда аталған барлық жобалар «Өскемен ЖЭО» ЖШС-не тұтынушыларын жылу энергиясымен үздіксіз және толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Біз бүгін мониторинг жүргізіп отырған субъектілер инвестициялық бағдарламалары бойынша өз міндеттемелерін ашық түрде орындаулары үшін қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетулері тиіс. Бүгін пресс-тур барысында Өскемен ЖЭО Инвестициялық бағдарлама аясында қандай жобалар аяқталғанын, қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетті. Реттеуші орган ретінде Өскемен ЖЭО өз міндеттемелерін толық орындап келеді деп сеніммен айта аламыз. Кәсіпорын мен өндірістің ауқымы әсерлі. Біз №12 жаңа турбиналық қондырғы туралы тек қаржылық құжаттар мен есептерден білетінбіз. Бүгін біз жабдықты өз көзімізбен көрдік. Жақсы әсерде болдық. Пресс-турды тамаша ұйымдастырғандарыңыз үшін рахмет», - деді пресс-турдың соңында облыстық тариф департаментінің басшысы Арман Мәлік».