«Өскемен ЖЭО» ЖШС-не қала әкімі Жақсылық Омар келді
Бүгін, 2023 жылғы 8 маусымда қала әкімі Жақсылық Омар жұмыс сапары барысында Өскемен ЖЭО ЖШС-не барды.
«Өскемен ЖЭО» ЖШС бас директоры Айдын Бексолтан әкімдік делегациясы мен БАҚ өкілдеріне алдағы 2023-2024 жж. жылу беру маусымына дайындық барысы, станция және жөндеу жұмыстары жөнінде айтып, кәсіпорынды аралатып, цехтардағы жұмыс барысымен таныстырды. Жаз маусымы – энергетиктер үшін белсенді жұмыс уақыты. Кәсіпорында жабдықты 2023-2024 жылыту маусымына дайындау бойынша жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
- «Өскемен ЖЭО» ЖШС Шығыс Қазақстан облысындағы ең ірі жылу-электр орталығы болып табылады. Бүгінгі таңда станцияда тоғыз қазандық агрегаты және сегіз турбина агрегаты жұмыс істейді. Жыл сайын Өскемен ЖЭО-да негізгі жабдықта жұмыс істеу шамасына қарай өндіру ресурсы аяқталған тораптар мен бөлшектерді жоспарлы ауыстыру жүргізіледі. Өскемен ЖЭО тұтынушыларды тұрақты және сенімді энергиямен қамтамасыз ету үшін жөндеу жұмыстарының барлық кешенін жүйелі негізде орындайды. Биыл «Өскемен ЖЭО» ЖШС 2023-2024 жылғы жылыту маусымына дайындық бойынша жөндеу науқанының жоспарланған шығындары 7 млрд теңгеден асады, - дейді кәсіпорынның бас директоры Айдын Бексолтан.
Кәсіпорында 140 ата негізгі бу құбырларын ауыстыру бойынша жобаны іске асыру жалғасуда, бұл өз кезегінде есептік ресурстың 100 000 сағаттан 200 000 сағатқа ұлғаюына ықпал етеді. Сондай-ақ, 2023 жылғы жөндеу науқанына кестеге сәйкес 9 қазандық агрегатын жөндеу жоспарланған, оның ішінде 2 күрделі жөндеу, 6 ағымдағы жөндеу, 1 кеңейтілген ағымдағы жөндеу; 8 турбина агрегаты, оның ішінде 2 күрделі жөндеуден және 6 ағымдағы жөндеуден өткізіледі.
Бүгінгі күні ст. №№8, 9 қазандық агрегаттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, ст.№12 қазандық агрегаты мен ст.№10 турбина агрегаты ағымдағы жөндеуде, ст.№11 қазандық агрегаты мен ст.№7 турбина агрегаты күрделі жөндеуде, сондай-ақ:
- ст. №15 қазандық агрегаты жылыту беттерін ауыстырумен күрделі жөндеуде;
- АТҚ-1 қайта құру жұмыстары жүргізілуде;
- ТГ-8 қоздыру жүйесін жаңғырту жұмыстары орындалуда;
- Электролиз қондырғысын ауыстыру жұмыстары атқарылуда;
- 5–7 кезектегі жоғары қысымды қоректік құбырларды ауыстыру жалғасуда;
- Градирня күрделі жөндеуде;
- Қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін монтаждау жұмыстары орындалуда;
- Бағыттамалық бұрмалар, темір жолдардың қисық учаскелері мен балласт призмасы күрделі жөндеуде;
- Бас ғимарат корпусының II–IV кезегінде қайта құру жұмыстары орындалуда;
- Күл құбырлары күрделі жөндеуде;
- Қабырға панельдерін, қазандық және турбина бөлімшелерінің 7-ші кезектегі бас корпусын қалпына келтіре отырып, шатырды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылуда;
- Бульдозерлер күрделі жөндеуден өткізілуде.
«Өскемен ЖЭО» ЖШС жабдықты жұмысқа жарамды күйде ұстау бойынша барлық қажетті шараларды орындайды, өз тұтынушыларын электр және жылу энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету үшін барынша күш салады. Жылыту маусымына дайындық штаттық режимде іске асырылуда.